Астанада III Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді
Биыл қыркүйектің 10 мен 17-сі аралығында Астанада ІІІ Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді. Конкурстың құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы соңғы жылдары Қазақстанның хореография өнерін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» жеке қоры.
Шығармашылық сайыстың негізгі мақсат-міндеті – хореография өнерін дәріптеу; классикалық балет дәстүрін сақтау және дамыту; дарынды жас әртістерді анықтап, ынталандыру; Қазақстанның мәдени имиджін өсіру.
«Конкурстар қоғам мүшелері мен әртістердің көңілін белгілі бір өнер түріне бұрып, нәтижесінде осы саладағы мол жетістіктерге куә боламыз. Біздің конкурс та осындай нәтиже әкелетініне сенеміз. Сөз жоқ, конкурстың тағы бір қыры – еліміздің мәдени имиджін асқақтату, себебі, конкурсқа дүниежүзінің әртістері жиналады ғой» - деп есептейді, қордың атқарушы директоры және конкурстың ұйымдастыру комитетінің төрайымы Әсел Құрманбаева.
Суретте: Мадина Басбаева
Конкурсқа 17 мен 25 жас аралығындағы Қазақстанның, Ресейдің, Орта Азияның, Еуропа мен Жапонияның жас әртістері қатысады. Бұған дейінгі екі конкурс Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтті. Бірінші конкурс 2006-шы, ал, екінші конкурс 2009-шы жылы өтіп, оған Болгария, Ресей, Украина, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан өкілдері қатысты. Биылғы конкурстың географиясы біршама кеңейді.
Конкурстың жүлде қорында әйелдер мен ерлер арасында жеке дара гран-при, бірінші, екінші, үшінші орын және бірнеше ынталандыру жүлдесі бар: үздік дуэт, «Үкілі үміт», заманауи хореографияны үздік орындағаны үшін және т.б.
Конкурстың қазылар алқасына қазіргі балеттің белді тұлғалары еніп отыр. Олар:
- Тамас Золимози – Мажарстан ұлттық балетінің директоры, керемет биші әрі хореограф;
- Сяо Сухуа – жетекші қытай хореографы, Пекин би академиясының профессоры, Қытай ұлттық би қауымдастығы Балет комитетінің атқарушы вице-президенті;
- Стефан Жеромский - дарынды хореограф, әйгілі балетмейстер Иржи Килианның ассистенті;
- Луиджи Бонино - италиялық балетмейстер, жуырда Астана Опера сахнасында Ролан Петидің «Париж Тәңіриясының шіркеуі» спектаклін қойды;
Йозеф Долинский - Словак Ұлттық театрының балет директоры;
Василий Медведев - «DANCE OPEN» халықаралық балет фестивалінің негізін қалаушы.
Қазылар алқасының жауапты хатшысы ретінде Балет конкурстарының халықаралық федерациясының бас директоры - Сергей Усанов шақырылды.
Суретте: Айдос Закан
Қазылар алқасының төрайымы – ХХ ғасыр балетінің аңызына айналған, Мариин театрының этуалі, қазіргі кезде Астана Опера театры балетінің көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Ол конкурсқа қатысушыларға үндеуінде былай деп еді: «Конкурс – толқумен қатар, үлкен мереке! Би мерекесі, жаңашылдықтың, жастықтың мерекесі! Конкурсқа қатысушылардың өнерін тамашалауға асықпыз. Жандарыңды салып, шабыттана билеңдер!».
Астанадғы III халықаралық балет әртістерінің конкурсы оған қатысушылар үшін ғана емес, осы өнерді сүйетін қауым үшін, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын оқиға, нағыз би мерекесіне айналары сөзсіз.
Конкурстың ресми сайты: www.astana-ibc.com
Ынтымақтастық мәселелері бойынша хабарласыңыздар: 87027606287, эл. пошта akma3101@mail.ru, Әлібекова Ақмарал.